Қош келдіңіз!
07:00, 6/3/2025

«Жеңіс» футбол клубы командамыздың жаңа бас бапкері – Андрей Анатолийұлы Демченконы ресми түрде таныстыруға қуанышты!
48 жастағы украиналық маман командамен жұмысын бастап кетті. Пиралы Әлиев клубта бас бапкердің көмекшісі қызметінде жұмысын жалғастырады.
Андрей Анатолийұлы Демченко 1976 жылы Украинаның Запорожье қаласында дүниеге келген. Футболдық мансабын жергілікті «Металлургте» бастап, кейін мәскеулік ЦСКА командасының екінші құрамында ойнады.
1994 жылы жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатынан кейін Луи ван Галдың амстердамдық «Аяксымен» келісімшартқа отырып, белгілі еуропалық клубпен келісімшарт жасасқан алғашқы украиндық жас ойыншылардың бірі болды. «Аякс» сапында 1995 жылғы маусымда УЕФА Суперкубогы мен ФИФА Құрлықаралық кубоктың иегері атанды. Келісімшарт аяқталғаннан кейін туған «Металлургіне» қайта оралды. Сондай-ақ украиналық «Ильичевец», «Оболонь», «Гелиос» клубтарында және молдовалық «Дачияда» ойнады.
Бапкерлік мансабын 2012 жылы туған «Металлургінде» бапкердің көмекшісі ретінде бастады. Отанында бас бапкер ретінде «Обод», «Верес», «Львов» және «Металлист 1925» футбол клубтарында жұмыс істеді. 2021 жылы грузиялық «Диланың» бас бапкері болып тағайындалып, онымен бірге Грузия чемпионатының екі рет қола жүлдегері атанды және 2021 жылғы маусымның қорытындысы бойынша үздік бапкер деп танылды. «Диладағы» жұмысынан кейін Батумидің «Динамо» клубының бас бапкері болып тағайындалды, онымен бірге 2023 маусымында Грузия чемпионы атанды.
Қош келдіңіз, Андрей Анатолийұлы!