РУС
ҚАЗ

ТикТоктың жұлдызына айналған футболшы

, 7/22/2022

ТикТоктың жұлдызына айналған футболшы
Көпшілікке әлеуметтік желілер арқылы танылып, «жұлдызға» айналғандар жетерлік. Кейіпкеріміз спорттағы жетістігі арқылы емес, ТикТоктағы бейнероликтерімен танылып, жұлдызы жанды. Кәсіпқой футболшы, «Жеңіс» командасының ойыншысы Баламырза Әлиевтің ТикТоктағы видеолары 100 мыңнан, тіпті миллионнан аса қаралым жинайды. Баламырзадан арнайы жас оқырмандарымыз үшін сұқбат алуды жөн көрдік. – Әуелі спорттық мансабыңызға тоқтала кетсеңіз... – 2001 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданында дүниеге келдім. Бала күнімнен спортқа жақын болып өстім. Әу баста боксты серік етіп, шаршы алаңда шеберлігімді байқап көрдім. Бірақ футбол жаныма жақын болғандықтан, ала доптың артына түстім. Мектепте 7-сыныпқа дейін футболдан әртүрлі жарыстарға қатыстым. 7-сыныптан бастап Тараздағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатына оқуға түсіп, футболмен кәсіпқой түрде айналыса бастадым. Үлкен спорттағы алғашқы қадамым осы жақтан басталды. – Қазір сізді спортшы ретінде емес, Тиктокер ретінде танитындар өте көп. ТикТок жұлдызына айналамын деп ойладыңыз ба? ТикТок түсірудегі мақсат не еді? Әлеуметтік желінің жұлдызына айналу ма әлде?.. – Дұрыс айтасыз, тиктокер ретінде танитындар жетерлік. Шыны керек, ТикТокта осыншалықты танымал болам деп ойламаптым. ТикТокты да танымал болу үшін түсіргенім жоқ. Жанымызға жағымды, жақсы көңіл күй сыйлайтын іс болғандықтан ғана түсіретінмін. Жұрттар сияқты «жұлдыз» болайын, атақты болайын деген ой, мақсат болған жоқ. Бастысы, түсірген дүниеміз жастардың керегіне жараса болғаны. Өздеріңіз де байқаған шығарсыздар, әр видеоның астарында бір ақиқат жатыр. Қоғамдағы өзекті мәселе болмаса да, кездесетін жайттар. Командаластарым да атыммен емес, «тиктокер» деп атайды. Шыны керек, елімізге, әлемге тиктокер ретінде емес, мықты футболшы ретінде танылғым келеді. – Спорттық мансабыңыздың жақсы жаққа қарай өрбуіне ТикТоктың әсері болды деп ойлайсыз ба? – Бәлкім, белгілі бір деңгейде әсері болған шығар. Бірақ тасымның өрге домалап, мансабымның алға жылжуы ТикТоктағы танымалдыққа байланысты деп айтуға келмес. Өйткені спорт мамандары, бапкерлер ТикТокқа қарап болашағыма баға берген жоқ. Қай саланың болса да шыңына шығып, үлкен дәрежеге жету үшін аянбай тер төгіп, еңбек ету керек. Әсіресе, спортта еңбек етпесең, өз-өзіңді дамытпасаң, биік белесті бағындырам деу бекер. Еңбек етпей бірден атақты, танымал, бай болғысы келетін жастар көбейіп кетті. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүрмей, адал еңбекпен пайда табу керек. Жастарымыздың ар мен намысты ақшадан биік қойғанын қалаймын. – Футболға қарағанда Тик-Токтағы табысым көп депсіз. Футболдағыдан қанша есе көп? – Иә, ол рас. Дәл қазіргі уақытта футболдан емес, ТикТоктан көбірек пайда табамын. Шүкір, футболдағы табысымыз да күнкөріске жетеді. Футболмен ақша табу үшін емес, жаныммен жақсы көргендіктен айналыстым. Дегенмен ТикТоктағы танымалдығым да табысымды арттырды. Шыны керек, қомақты қаржыға жарнама ұсынатын букмекерлік кеңселер өте көп. Олардың ұсынысын қабыл алғанда 5-6 есе көп ақша табар едім. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, ақшаны арам жолмен емес, адал еңбекпен табу керек. – Қазір бірінші лигада ойнайсыз, лигадағы клубтар арасындағы бәсекелестіктің деңгейі қандай? – Шыны керек, бәсекелестік өте жоғары деңгейде. Командалардың ойыны, деңгейі Қазақстан премьер-лигасындағы клубтардан кем емес. Мұны турнир кестесінен де байқауға болады. Көш басында тұрған команда үздік бестіктегі командалардан үш-ақ ұпай алда келеді. Әр команда, әр ойыншы жасыл алаңда жанын салып, жеңіске жету үшін барын салып өнер көрсетеді. Бірінші лигадағы кез келген ойыншы премьер-лигаға тез сіңісіп, орнын таба алады деп ойлаймын. Өйткені талантты, дарынды, еңбекқор жастар өте көп. Соларға қарап ел футболының болашағына сеніммен қарауға болады. – Осы жылдың маусым айынан бастап трансфер бағаңыз 10 мың еуродан 50 мың еуроға дейін өскен екен, бұл не нәрсеге байланысты деп ойлайсыз? ТикТоктағы танымалдығыңызбен бе, әлде? – Дәл осы жерде ТикТок-тың мүлде қатысы жоқ деп ойлаймын. Әр футболшыға ойын үлгісі емес, әлеуметтік желідегі танымалдығы арқылы баға беретін болсақ, арты жақсылыққа апармасы анық. Трансферлік бағамның өсуі жасыл алаңда жиі өнер көрсете бастағаныма байланысты деп ойлаймын. Мысалы, былтыр жасыл алаңға сирек шығып, көп ойынға қатыса алмадым. Биыл барлық матчқа қатысып, алаңда толыққанды 90 минут өткізіп жүрмін. Ойын үлгімнің, деңгейімнің қандай екенін аз да болса көрсете алдым. Дегенмен әлі де тынбай еңбектеніп, өз-өзімді жан-жақты дамытуым керек. Физикалық, техникалық тұрғыдан да әлеуетімді көтеріп, кәсіби біліктілігімді арттыруым керек. Бір-екі жылдан кейін трансферлік бағамыз 50 мың еуродан 3-4 есе көп болатындай деңгейге жетеді деген сенімдемін. – Жақында ғана «Тараз-Қаратау» клубынан астаналық «Жеңіс» командасына ауыстыңыз. Турнир кестесінің соңғы орындарында тұрған командаға қосылу мансабыңызды артқа сүйрейді деп ойламайсыз ба? – Спорттық мансабым басталғалы «Тараз» клубының екінші, үшінші деңгейлі командаларында ойнадым. 2019 жылдан 2022 жылға дейін «Тараз-М» командасының негізгі құрамында өнер көрсеттім. Содан кейін бірінші лигадағы «Тараз-Қаратау» командасының қатарына қосылдым. Қазір «Жеңіс» клубына жарты жылға жалға келдім. Жалпы команданың тарихы тереңде жатыр. 1964 жылы құрылған клуб Қазақстаннан бірінші болып УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеуіне қатысқан. 2007 жылы Қазақстан клубтары арасынан бірінші болып Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алды. Сондай-ақ үш дүркін Қазақстан чемпионы (2000, 2001, 2006) атанған. Сондықтан осындай команданың бір мүшесі болғаныма қуаныштымын. Командамен алғашқы жаттығуымды да өткізіп, ойыншылардың, команданың деңгейі мықты екеніне көзім жетті. Дәл қазір командамыз турнир кестесінде өзіне лайықты орында тұрған жоқ деп ойлаймын. Бұйырса, маусым соңына дейін жағдайды жақсартып, көш басына шығамыз деген сенімдемін. – Бұл командамен премьер-лигаға шыға аламын деп ойлайсыздар ма? Мансабыңызды осы командада жалғастыруды көздейсіз бе? – Әрине, команданың деңгейі өте мықты. Әр тур сайын қарқыны да күшейіп келеді. Соңғы ойында тамаша ойын үлгісін көрсетіп, турнир кестесінде жоғары тұрған «Жетісу» командасын ұттық. Жалпы бір-екі жылда «Жеңіс» командасының премьер-лигаға қайта оралатынына сенімдімін. Мансабымызға келер болсақ, жарты жылға ғана келісімшартқа отырдық. Сондықтан дөп басып ешнәрсе айта алмаймын. Бәлкім, ары қарай келісімшартты созамыз, бәлкім, басқа командаға ауысамыз. Уақыты келгенде белгілі болады. – «Бірінші кезекте кәсіби спортшымын, сосын барып тиктокермін» деген едіңіз. Екеуін бірдей алып жүру қаншалықты қиын немесе жеңіл? «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» дегенге көзқарасыңыз қалай? – Өмірім, болашағым ТикТокқа емес, футболға байланысты. Сондықтан спорттағы мансабымды бірінші орынға қоямын. Ал ТикТок түсіру – жай ғана хобби. Оған арнайы уақыт бөлмеймін. Тек жаттығудан, ойыннан босаған кезде ғана түсіремін. Кейбіреулер сияқты арнайы уақыт бөліп, күнімді соған арнамаймын. – Төрт тілде еркін сөйлеймін дедіңіз, болашақта Әзербайжан, Түркия командаларынан көруіміз мүмкін бе? – Иә, төрт тілде емін-еркін сөйлеймін. Ұлтым – әзербайжан. Мектепті қазақша бітірдім, университетті де қазақ бөлімінде оқып жатырмын. Қазақстанда туып-өскеннен кейін, болашағымызды осы елмен байланыстырғаннан кейін мемлекеттік тілді білуге міндеттіміз. Болашақта не болатыны беймәлім. Сондықтан нақты дөп басып айта алмаймын. Егер сондай мүмкіндік туса, жібермеуге тырысамыз. – Қазақстанда қай команданың қатарында ойнағыңыз келеді? Шетелдік клубтардан ше? – Дәл қазір «Жеңіс» командасымен келісімшартқа отырып, клубтың намысын қорғап жүргендіктен, осы командамен биік белестерді бағындырғым келеді. Премьер-лигаға қайта оралу, Қазақстан чемпионы атану сияқты мақсатымыз бар. Ал Еуропаның кез келген командасында өнер көрсету үлкен жетістік деп ойлаймын. Еуропада доп тебу бала күнгі арманымыз ғой. Бұйырса, ол арман-мақсатымызға да жетеміз. – Өзіңізді ұлттық құрама сапынан қанша уақыттан кейін көресіз? – Әр спортшының арманы – елінің көк байрағын желбіретіп, абыройын асқақтату. Ұлттық құраманың жейдесін кию де әр футболшының арманы екені анық. Мен де ұлттық құраманың қатарына қосылып, әлем, Еуропа чемпионаттарында өнер көрсеткім келеді. Кез келген уақытта ұлттық құраманың қатарына қосылуға дайынмын. Егер бапкерлер құрамы шақырса, міндетті түрде ойнаймын. Оның да ауылы алыс емес деген ойдамын. – Алға қойған арман-мақсаттарыңыз қандай? Болашаққа деген жоспарыңызбен бөлісе кетсеңіз… – ТикТокты жаңадан түсіре бастағанда, Қазақстандағы бірінші кәсіби футболшы-тик-токер боламын деп мақсат қойғанмын. Сол мақсатқа жету үшін еңбек етіп жатырмыз. Бұйырса, премьер-лигада, Чемпиондар лигасында доп тебетін кәсіби футболшы-тиктокер болуды көздейміз. Сұқбаттасқан Дәурен ТҮЛКІБАЙ «Ақ желкен» журналы, №7 Шілде, 2022