РУС
ҚАЗ

«Астананы» аңсау

, 8/31/2022

«Астананы» аңсау
Жанкүйерлердің есінде болар, Қазақстан алғаш рет УЕФА-ға ауысқанда еуропалық аренада еліміздің намысын «Жеңіс» футбол клубы қорғаған еді. Содан бері аталған коман­да атауын бірнеше рет өзгертті. «Астана» атауымен де өнер көрсетті. Ақыры қар­жы­лық қиындыққа байланысты клуб жа­бы­лып тынған болатын. Бірнеше жыл бұ­рын команда қайта құрылып, қазіргі таңда «Жеңіс» атауымен бірінші лигада ойнап жүр. Әлі есімде Қазақстан УЕФА құрамына енгеннен кейін қарт құрлықтың ең мәртебелі турнирі – Чемпиондар лигасына «Жеңіс» аттанды. Жеребе Молдованың «Шериф» клубымен түскен-ді. Бірінші ойында сырт алаңда 2:1 есебімен жеңілген елордалық команда қарымта кездесуде есе қайтаратындай көрінді. Расында, екінші матчтың 58-минутына дейін қарсыластарынан 3:0 есебімен алда тұрған «Жеңіс» айналдырған екі минуттың ішінде екі гол жіберіп, жеңістен айырылып қалды. Бұдан кейін елордалық клуб екі рет Еуропаға аттанып, екеуінде де сәтсіздікке ұшырады. 2003-2004 жылдары УЕФА кубогы үшін таласта Чехияның «Виктория Жижков» командасымен шеберлік байқасып, екі ойынның қорытындысы бойынша 1:6 есебімен ұтылды. Кейіннен 2007-2008 жылы «Астана» ретінде Чемпиондар лигасына қатысты. Алғашқы кезеңде Грузияның «Олимпи» клубымен кездес­кен елордалықтар бірінші матчта тең тарқасса, екінші ойында қарсыластар қақпасына жауапсыз үш гол салды. Өкінішке қарай, келесі раундта Норвегияның «Русенборгына» қарсы тұра алған жоқ. Қажымұқан Мұңайтпасұлы стадионында скандинавтарға 1:3 есебімен есе жіберіп, жанкүйерлерін мұңайтты. Ал Тронхеймдегі матчта 7:1 есебімен оңбай жеңіл­ді. Сөйтіп, «Астананың» қарт құрлықтағы жо­ры­ғы аяқталды. Жалпы, «Жеңіс» клубы өзі орналасқан қала секілді тарихында атауын бірнеше рет өзгерткен. 1964 жылы, яғни команданың ірге­та­сы қаланғанда оның атауы «Динамо» болған. Он бір жылдан соң клубты «Целинник» деп атады. Ел астанасы Ақмолаға көшкеннен кейін 1998 жылы команда бір жылға жуық «Астана» атауымен өнер көрсетті. 1999 жылы «Жеңіс» болып өзгерді. 2006 жылы команданы қайтадан «Астана» деп тіркеу туралы шешім қабылданды. Бірақ 2011 жылы алматылық «Локомотив» клубының елордаға көшіп келіп, есімін «Астана» деп ауыстыруына байланысты жергілікті команда «Астана-1964» деп атала бастады. Елордалық команда үшін мыңжылдықтар тоғысы табысты болғанын айта кеткен жөн. 2000 жылы клуб ел біріншілігінде топ жарды. Сөйтіп, тоғызыншы территорияның чем­пионы атанған бесінші команда болды. «Же­ңіс­тің» жеңісіне бразилиялық Нилтон Мендес пен Владимир Нидергаус зор үлес қосты. Марқұм бразилиялық футболшы 21 гол салса, қазақстандық шабуылшы 15 мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеді. Айта кетерлігі, сол жылғы біріншілікте елордалық команда қызылжарлық «Аксесс-Голден-Грейн» клубынан алтын жүлде үшін өткен ойында басым түскен-ді. 2001 жылы «Жеңіс» екінші мәрте топ жарды. Бұл жолы 81 ұпаймен жеке-дара көш бас­т­ап, Чемпиондар лигасына қатысу құқығын жеңіп алды. Сондай-ақ Қазақстан кубогы үшін тартыс­та ақтық сынға дейін жетіп, керекулік «Ертіс­тен» айласын асырды. 2002 жылы «Жеңіс» тағы бір мәрте кубок иегері атанды. Бұл жолы елордалықтар тағы да «Ертісті» жерге қа­ратты. Чемпионаттағы үшінші алтынын елордалық ко­манда «Астана» атауымен 2006 жылы жеңіп алды. Ал одан бір жыл бұрын ел кубогы үшін талас­та алматылық «Қайраттан» басым түскен еді. Бұдан бөлек, «Жеңіс» чемпионатта бір рет қола жүлдегер (2003 жыл) атанып, кубок үшін таласта екі рет ақтық кезеңде сүрінді (2001 жыл, 2006 жыл). «Жеңіс» футбол клубы кезінде жастардың томағасын сыпыратын еліміздегі үздік коман­да­лар­дың бірі саналатын. Мәселен, Давид Лория, Максим Жалмағамбетов, Антон Чичулин, Исламбек Қуат секілді футболшы­лар «Жеңісте» жүріп аяқдоптың қыр-сырын меңгерді. Сондай-ақ Александр Мокин, Жамбыл Көкеев, Мұрат Тілешов секілді сайып­қы­рандар да елордалық команданың жей­де­сінде тер төкті. Бірақ қаржылық қиындықтарға байланысты клуб 2015 жылы жабылып тынды. Осылайша, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, үш мәрте кубок иегері тарих қойнауына кетті. Бірақ жанкүйерлердің қуанышына орай, команда 2021 жылы қайта «тірілді». Команда «Жеңіс» ата­уы­мен бірінші лигаға қосылып, былтыр үшін­ші орын иеленді. Сондықтан шығар, байырғы тұрғындар елор­даның негізгі клубы ретінде «Жеңіс» ко­ман­дасын есептейді. Ойыны жүрмей тұрса да, Қ.Мұңайтпасұлы стадионындағы ахуал нашар болса да, оң жағалаудағы алаңға ағылатын жұрт­­тың қарасы қалың. Осындайда кезінде атой салған «Астананы» аңсайтынымыз рас. Бәлкім, күндердің бір күні елордалықтар бұрынғы атауын қайтарып қалар. Әйтеуір, «Жеңістің» күндерінде жүздесе берейік. Абай Отар Egemen Qazaqstan